«Тігін өнері –талғам мен табыс бастауы» атты апталық басталды
2026 жылғы 30 наурыз күні Арал индустриалды-техникалық колледжінде «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығының әдістемелік бірлестігінің жоспарына сәйкес «ТІГІН ӨНЕРІ – ТАЛҒАМ МЕН ТАБЫС БАСТАУЫ» атты апталықтың ашылу рәсімі өтті.
Шара барысында 30 наурыз – 03 сәуір аралығында өткізілетін апталықтың жоспары мен іс-шаралар мазмұны таныстырылды. Апталықтың негізгі мақсаты – білім алушыларды тігін өнерінің қыр-сырын меңгеруге баулу, қарапайым тігіс түрлерін үйрету, ине-жіппен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру және заманауи тігін жабдықтарын қолдануды игерту.
Апталық аясында білімгерлердің тігінші мамандығына қызығушылығын арттыру мақсатында көңілді үзіліс ұйымдастырылды. Үзіліс барысында қыздар арасында түйме қадау сайысы өткізіліп, қатысушылардың шапшаңдығы мен іскерлік қабілеттері бағаланды.
Сонымен қатар апталықтың алғашқы күні ұлттық қолөнерді жандандыру мақсатында қолөнер бұйымдарын дайындау сайысы да өтті. Атап айтқанда, матадан «торсық» тігу бойынша №133 және №140 топ білімгерлері арасында жарыс ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық қолөнерді дамыту және оны болашақ ұрпаққа насихаттау.
Сайыс қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табысталды.

