КОЛЛЕДЖДІҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ
Арал қаласындағы кәсіби білім беретін іргелі оқу орны – Арал индустриалды-техникалық колледжінің тарихы 1927 жылдан бастау алады.
«Арал балық тресі» жанынан оқу бөлімін ашу туралы алғашқы құжат. 1927 жыл.
Аралдағы тұңғыш кәсіби мектеп ең алғаш балық аулау артелі болып құрылып, жергілікті тұрғындардан балықшылар бригадирлерін, ау құралдарын септеп-тоқу мамандарын даярлады.
Тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында балықтарды қайықпен аулау үшін 1937 жылы «Юнга» мектебі болып қайта құрылып; кіші қайықтарға матрос, мотористер дайындады.
Балықтарды аулап, оны өңдеп СССР-дың басқа қалаларына, облыстарға сатуға және ішкі рыноктың сұранысына сәйкес мектеп 1943 жылы ФЗО (фабрично-заводское обучение) мектебі болып аталып қайық радистерін, бөшке (бочка) жасау мамандарын, кіші қайық матростарын, мотористерін даярлады.
Курсанттар мен тәрбиешілер. 1949 жыл.
1955 жылы қолөнер училищесі болып қайтадан құрылып, ағаш, темір ұсталарын, қайықтың матрос, мотористерін даярлауды іске асырды.
Училище оқушылары мен училище басшылары және мұғалімдер. 50-жылдардың ортасы.
Арал теңізінің жағалауынан аса қашықтықтан балық аулау мақсатында 1963 жылы №68 қалалық кәсіптік-техникалық училищесі (ГПТУ-68) болып өзгеріп, балық өсіруші, өңдеуші, кеме жүргізуші, кеме механигі, электромонтажшылар мамандықтарын даярлауды бастады.
Училищеге кірер қақпа. 1963 жыл.
Кеме механигі мамандығына оқып жатқан белоруссиялық, украиналық, қазақстандық оқушылар. Училище қызметкерлері Жарылқаған Асанов, Сайын Ібрашевпен бірге. 1978 жыл.
1984 жылы мектеп №4 орта кәсіптік-техникалық училищесі (СПТУ-4) болып аталып, сол жылдан бастап токарь, электромонтажшы, тігінші, слесарь-жөндеуші, құрылысшы мамандықтарын әзірледі.
Училиище оқушылары токарлық мамандықты меңгеруде.
Арал теңізінің тартылуына байланысты және білім саласындағы оңтайландыру кезеңінде кәсіптік-техникалық мектеп өзінің байырғы мамандықтарын: кеме жүргізуші, кеме механигі, балық өсіруші, өңдеуші мамандықтарын дайындауды тоқтатты.
1996 жылы №4 кәсіптік-техникалық мектеп болып өзгеріп, мектепте токарь, электромонтажшы, тігінші мамандықтары бойынша мамандар әзірледі.
1997 жылдан бастап №16 кәсіптік-техникалық мектеп болуына байланысты мектеп қаланың өндіріс орындарына, кәсіпорындарға токарь, тігінші, құрылысшы, электромонтажшы, газбендәнекерлеуші мамандықтарын даярлап келеді.
1998 жылы №16 кәсіптік мектебі тігінші, токарь, слесарь-жөндеуші даярлады.
2003 жыл №16 кәсіптік мектеп тігінші, слесарь-электрмонтажшы, электргазбен пісіруші, теңіз өнімдері мен балықтарды өңдеуші мамандықтарын даярлады.
2008 жылғы 25 желтоқсандағы №238 қаулысы және Қызылорда облыстық білім басқармасының «Қайта тағайындау туралы» 2009 жылғы 9 қаңтардағы №07 бұйрығы негізінде №16 кәсіптік мектептің атауы №16 кәсіптік лицей болып өзгертілді.
Арал индустриалды-техникалық колледжі мемлекеттік мекемесінің Қызылорда облысы әкімдігінің (кейбір мемлекеттік білім беру мекемелерін қайта ұйымдастыру туралы) 18.08.2012 жылғы №527 қаулысымен «Арал индустриалды-техникалық колледжі» болып қайта құрылды.
2014 жылы Қызылорда облысының әкімдігінің №435 қаулысымен
«Арал индустриалды-техникалық колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып өзгертілді.