2023 жылғы 24 қазанда Арал индустриалды-техникалық колледжінде 25 қазан – Республика күніне орай №124 «Токарь» тобы мен №120 оқу топтарында "Егемен елдің еңсесі биік" атты тәрбие сағаттары өткізілді. Топ жетекшілері Г.Мейірманова мен Ж.Кыркабакованың ұйымдастыруымен өткізілген тәрбиелік шара білім алушылардың Қазақстан Республикасының қалыптасу жолы туралы білімдерін байыту және азаматтық, отансүйгіштік сезімдерін арттыру мақсатында жүргізілді.
Президентіміз Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мына сөздерімен тәрбие сағатымыздың маңыздылығы ашыла түсті: "Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтілуі керек".
Тәрбие сағаты барысында ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсап кеткен Тәуелсіздігіміз, туымыз, әнұранымыз, елтаңбамыз туралы мәліметтер айтылды. Ел тарихы қамтылған видеолар көрсетіліп, мемлекеттік рәміздер туралы қызықты деректер таныстырылды. Тақырыпқа байланысты викториналық сұрақтар беріліп, білімгерлер еліміздің көркеюі мен дамуы туралы өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ тарихи маңызы зор ерекше күнге байланысты тапқырлық ойын ұйымдастырып, топ мүшелері белсенділікпен қатысты.
Аталмыш топтық шара патриоттық рухта «Көк тудың желбірегені» әнін орындау арқылы қорытындыланды.