Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаевтың жолдауында Техникалық және кәсіби білім беру саласын дамытуды жүзеге асыру бойынша негізгі бағыт - бағдар айқындалып, жоспар жасағаны белгілі. Бүгінгі таңда техникалық және кәсіби білім берудің алдында үлкен міндеттер қойылып отыр. Осы орайда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 28 қыркүйектегі №509 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы 2021 жылғы 17 ақпандағы №62 бұйрығына сәйкес Арал индустриалды - техникалық колледжі РОӘК - тің құрамына еніп, қазіргі таңда 3 мамандық (07210900 Балық өндірісі, 08110700 Балық шаруашылығы(түрлері бойынша) және 07210500 Тұрмыстық (асханалық) тұзды өндіру және өңдеу) бойынша оқу әдістемелік бірлестігі (бұдан әрі - ОӘБ) болып табылады.
Арал индустриалды - техникалық колледжі жанындағы «Ауыл,орман, балық шаруашылығы және ветеринария» бейіні бойынша оқу әдістемелік бірлестігінің мақсаты - ТжКББ ұйымдарында білім беру, оқу - әдістемелік және ғылыми - әдістемелік жұмыстарды әзірлеу және үйлестіру, білім беру процесінің мазмұнын жаңарту, оқу әдебиеттері мен оқу - әдістемелік құралдарды әзірлеу.
Оқу - әдістемелік бірлестігі мынадай функцияларды жүзеге асырады:
- ТжКОБ жүйесінің нормативтік - құқықтық құжаттарын өзгерту және толықтыру бойынша ұсыныстар енгізеді;
- үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларының, ТжКОБ білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңарту мен жетілдіру бойынша ұсынымдар енгізеді;
- ТжКОБ жүйесіндегі білім беру, оқу - әдістемелік және ғылыми - әдістемелік қызметті жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді;
- ОӘБ әзірлеген ТжКОБ оқу - әдістемелік құжаттамасын, сондай - ақ оқу әдебиеттері мен оқу - әдістемелік құралдарын іске асырады және таратады;
- колледждердің білім беру, оқу - әдістемелік және ғылыми - әдістемелік жұмыстарын дамыту мәселелері, сондай - ақ оның құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша ұсыныстарды зерделеу және дайындау үшін жұмыс топтарын құрады;
- оқу процесін ұйымдастыру бойынша ТжКОБ ұйымдарына консультациялық көмек беруді жүзеге асырады;
- озық тәжірибені зерделеу, тарату, ТжКОБ ұйымдарындағы оқу - тәрбие процесін жетілдіру бойынша конференцияларды, семинарларды ұйымдастыру және өткізу бойынша ұсынымдар әзірлеуге қатысады;
- оқу және оқу - әдістемелік әдебиеттер мен оқу аудиовизуалды құралдарын жасау үшін авторлық ұжымдар қалыптастырады;
ОӘБ бейініне сәйкес келетін мамандықтар бойынша даярлауды жүргізетін бейіндік колледждердің электронды база - желісі құрылған. Оған: Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының «№16 колледж» КМҚК , Батыс Қазақстан «Жоғары инженерлік - технологиялық колледжі» МЕБМ, Шығыс Қазақстан облысы. «Қазтұтыну одағы агробизнес және экономика колледжі» мекемесі, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының «Құлан агротехникалық жоғары колледжі» КМҚК және Маңғыстау облысы «Түпқараған гуманитарлық - кәсіптік колледжі» КМҚК кіреді. Аталған колледждермен білім беру, оқу - әдістемелік және ғылыми - әдістемелік қызметті жетілдіру жөніндегі іс - шаралар ұйымдастырылып, өткізіліп тұрады.
ҚР БҒМ мемлекеттік тапсырмасын орындау шеңберінде «Talap»КЕАҚ келісімшарты негізінде ОӘБ бейініне сәйкес келетін мамандықтар бойынша үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларын өзектендіру жұмыстары жасалынып, білім беру бағдарламаларына сараптау жүргізілді. Педагогтердің кәсіби құзыреттілік деңгейін анықтау мақсатында техникалық және кәсіптік білім беру оқытушыларының Ұлттық біліктілік тестілеуін өткізу үшін тест тапсырмаларының базасын қалыптастыру бойынша жұмыс жасалды. Ұлттық тестілеу орталығының (бұдан әрі ҰТО) тапсырмасы бойынша педагог қызметкерлерді бейіндік бағыттар бойынша аттестаттауға арналған тест тапсырмаларының алғашқы сараптамасы жүргізілді.
Оқу - әдістемелік бірлестігі өз жұмысын одан әрі жандандырып, алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстардың жалғаса беретініне сенім білдіреді.


