Республика күніне және «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай колледж аумағында атқарылған жұмыстардың сәтті аяқталуына сәйкес Арал индустриалды - техникалық колледжінде мерекелік іс - шара өтті. Салтанатты жиын колледж директорды Р.Айназаровтың құттықтау сөзімен ашылды. Келесі кезекте мерекелік жиынға арнайы шақырылған колледж ардагерлерінің жылы лебіздері тыңдалды.
Шара барысында колледжде жауапты да нәтижелі жұмыс атқарған қызметкерлер мен педагогикалық - шығармашылық жетістіктерге қол жеткізген оқытушылар облыс және аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Мерекелік жиын барысы колледж ауласында енді ғана салынып біткен құрылыс жұмыстарын аралаумен жалғасты. Ең маңызды құрылыстар «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай әлеуметтік серіктестіктер арқылы жүзеге асырылды. Атап айтқанда, қазан айында колледж кіреберіс қақпасының 350 шаршы метр аумағына асфальт төселіп, ретке келтірілді. Бұл жұмыс - «Арал - Құрылыс» ЖШС директоры Мейрамбек Оразғалиұлының демеушілігімен жүзеге асырылды.
Сондай - ақ мереке қарсаңында жасанды көгал төселіп, қауіпсіздік талаптары ескерілген шағын футбол алаңы пайдалануға берілді. Бұл нысан «Тоғыс - Аралотын» ЖШС - нің директоры Мейрамбек Жұмашев пен қала әкімі Батыржан Ұзақовтың демеушілігімен салынды.
Осындай қаржылық әл - ауқаттың көзі болып, демеу білдірген азаматтарға колледж ұжымының ризашылығы мол. Мүдделер ортақтығын қамтамасыз ету жолындағы жұмыстар нәтижелі бола бергей!

