2025 жылдың 22 қазанында Арал индустриалды-техникалық колледжінде қоғамдық-гуманитарлық пәндер бірлестігінің онкүндігі аясында I курс білім алушылары үшін тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Тарих, география және жаһандық құзыреттілік пәндерінің оқытушылары Л.Аймурзаева, А.Қараева және Н.Жолдыбаеваның жетекшілігімен «ҚАЛАМ МЕН ҚАЙРАТ – НҰРПЕЙІСОВ МҰРАСЫ» атты танымдық, саяхат сабағы өтті.
Сабақ халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туған топырағындағы әдебиет үйінде өтті. Шара барысында Арал қалалық тарихи музей меңгерушісі Сарбасова Ботагөз Өмірбекқызы білім алушыларға жазушының өмір жолы мен шығармашылық мұрасын кеңінен таныстырды.
Мұражайда білім алушылар Әбдіжәміл аталарына арнап жүрекжарды өлеңдерін оқып, жазушының өмірі мен шығармашылығына шолу жасап, рухани әсермен қайтты.
Мұндай тағылымды іс-шаралар білім алушылардың рухани дүниесін байытып, әдебиетке деген қызығушылығын арттырады. Олар ел тарихы мен тұлғаларын терең тануға мүмкіндік алып, ұлттық құндылықтарды бағалауға үйренеді. Сонымен қатар, туған жеріне деген мақтаныш сезімі оянып, азаматтық көзқарастары қалыптасады.

