2025 жылдың 31 наурызы күні Арал индустриалды - техникалық колледжінде "2025 жыл - Жұмысшы мамандықтары жылы" аясында «Адал еңбек - адал табыс» атты ашық есік күні және "Мансап" орталығының өкілдерімен бірге бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Іс - шараға Арал аудандық «Мансап» орталығының директоры Алдашев Жадырасын Темірханұлы, Арал аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Ембергенова Нұрсауле Сайлауовна және кәсіпорын жетекшілері мен әлеуметтік серіктес өкілдері қатысты. Сонымен қатар кәсіби бағдар беру мақсатында аудан мектептерінің 9 - сынып оқушылары шақырылды.
Іс - шараны Арал индустриалды - техникалық колледжінің директоры Айназаров Раким Утемуратович ашып, алғашқы сөз кезегін «Мансап» орталығының директоры Алдашев Жадырасын Темірханұлына берді. Жадырасын Темірханұлы жастарға кәсіп ашуға арналған бағдарламалар туралы баяндап, жәрмеңкеге қатысушыларға сәттілік тіледі. Келген конақтар жұмысшы мамандықтарының бағалануы мен оны дамытудағы маңызды қадамдар туралы әңгімеледі.
Ал ашық есік күнінің бағдарламасына сәйкес оқушылар колледжде экскурсия жасады. Олар колледждің материалдық базасымен, заманауи құралдармен жабдықталған шеберханалармен танысып, мамандықтар көрмесін тамашалады. Шеберлік сабақтары мен практикалық көрсетілімдерді көру арқылы колледж мамандықтарының басымдықтарына көз жеткізді.
Іс - шараны негізгі мақсаты - өскелең ұрпаққа мамандық таңдауға бағыт - бағдар беру және колледждің, болашақ мамандардың, жұмыс берушінің ынтымақтастығын дамытып жаңа мүмкіндіктерге жол ашу болып табылады.