2026 жылдың 5 наурыз күні №141 топ жетекшісі Г. Қуанышованың ұйымдастыруымен аналардың қатысуымен «Ананың аялы алақаны» атты ашық тәрбие сағаты өткізілді. Тәрбие сағатының негізгі мақсаты – білім алушыларға ана алдындағы перзенттік парызды сезіндіру, ананы сыйлау мен құрметтеу имандылық пен мәдениеттіліктің белгісі екенін түсіндіру, ананың бала өміріндегі маңызын ұғындыру. Сонымен қатар анаға деген алғыс пен құрмет сезімін арттыру және білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту көзделді.
Іс-шара барысында ата-аналар мен білім алушылар түрлі қызықты әдіс-тәсілдер мен ойындарға белсенді қатысты. Тәрбие сағаты «Жүрек» ойынымен басталып, қатысушылар ана мен бала арасындағы қатынасты аша білетін сұрақтарға жауап беріп, өз пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар «Балама қандай жылулық беремін?» атты бөлімде күн сәулесі бейнеленіп, білім алушылардың ата-аналарына арнаған ыстық лебіздері бейнеролик арқылы аналарға ерекше әсер сыйлады.
Шара барысында «Нейрограмма» әдісі қолданылды, ата-аналар орындарында отырып музыка ырғағына сәйкес түрлі қимылдар жасап, сергіту жаттығуларын орындады. Бұл қатысушылардың көңіл-күйін көтеріп, еркін әрі жағымды атмосфера қалыптастырды.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында асық ойыны ұйымдастырылды, қатысушылар бос орынды пайдалана отырып қызыл асықты көрсетілген межеге жеткізу тапсырмасын орындады. Бұл ойын ұлттық дәстүрлеріміздің маңызын еске түсіріп, қатысушылардың қызығушылығын арттырды.
Сонымен қатар «Лабиринт» әдісі аналардың бірлесе отырып сурет салу арқылы лабиринттен шығу жолын табу тапсырмасын орындауға шабыттандырды.
Ашық тәрбие сағаты өте әсерлі әрі мазмұнды өтті. Іс-шара барысында ата-аналар мен білім алушылар арасында жылы қарым-қатынас орнап, отбасы құндылықтарының, әсіресе анаға деген құрмет пен сүйіспеншіліктің маңыздылығы ерекше атап өтілді.

